ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ 1 ТРЛН. ТЕҢГЕДЕН АСЫП, РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСТАДЫ

0
106

Облыс экономикасының маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығында өнім көлемі 1 трлн. теңгеден асып, республикада көш бастады. Жыл басынан салаға 88,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.

– Биыл біз ауыл шаруашылығындағы негізгі өзекті мәселелерге назар аударып, оны жүйелі түрде шешу жолдарын қарастырдық. Біріншіден, жылыжай шаруашылықтарын қолдаудың жаңа тетіктері жасалып, жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді. Биылғы жылға бұл мақсатта 500 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ жылыжайларды бір орталықтан қатты отынмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, көмір өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілді. Екіншіден, мақта шаруашылықтарын дамыту мақсатында «Global Textile Solution», «TST JETISAY TEXTILE», «Cotton Мақта» және «Tulpar Textile» жобалары жүзеге асырылуда. Нәтижесінде мақта бағасына экспорттық тәуелділікті жоятын боламыз. Сондай-ақ мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері дақылдармен алмастыру мақсатында «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда. Үшіншіден, су шаруашылығын дамыту үшін «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорынның жұмысын жүйелендіру есебінен, каналдарды қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын мерзімінде атқаруға қол жеткіздік. Нәтижесінде бюджет қаржысы 28 пайызға үнемделіп, экономикалық тиімділігі 1,5 –-2 есе жоғары болды, – деді Дархан Сатыбалды.

Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнімдерінен рекордтық 3,3 млн тонна жиналды. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл құны 16,7 млрд.тг құрайтын 25 жобаны іске асыру көзделсе, соның құны 14,1 млрд.тг болатын нақты 22 жоба қосылды. Нәтижесінде 396 жұмыс орны ашылды.

Салада жаңа технология кеңінен қолдануда. Қарқынды бау көлемі биыл 5 405 гектарға жеткізілді. Нәтижесінде, өнімділік 5 есеге артып отыр. Бұрын 60-70 центнер болса, қазір 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда.Су үнемдеу технологиясы 31 788 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 403 гектарға ендіріліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді.Жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналды.Мал шаруашылығының дамуы бойынша облыс республикада алдыңғы орында. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 5%-ға өсуде. Ет экспорты бойынша облыс республикада алдыңғы орында. Ірі қара мал етінің үлесі 85%, ұсақ мал – 60% құрайды. 10 мың тонна ірі қара мал, 4,6 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді.

Leave a reply