Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде асығы алшы
Түркістан облысына қарасты Шардара ауданында өнеркәсіп өнім көлемі 17,6 млрд. теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 5,3 млрд. теңгеге артып отыр. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 35,5 млрд. теңгені құрап, 5,8 млрд. теңгеге артқан. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр 60,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Негізінде Шардара ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде асығы алшы. Ауданда агагроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Осы орайда биыл елімізде «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылады. Ауыл тұрғындарына 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие берілмек. Түркістан облысына бұл бағытта 11 млрд. теңге бөлінді, қосымша қаржы сұралып, 20 млрд. теңгеге жуықтап отыр. Шардара ауданында бұл бағдарламаны пилоттық режимде Алатау батыр, Тұрысбеков ауыл округтерінде іске асыру жоспарлануда. Ел ол несиені алғаннан кейін нақты жұмыс істеп, шаруашылықты дамытуы керек. Жауапты басқарма, аудан, ауыл әкімдері тұрғындарға осыны дұрыс түсіндіру үшін арнайы топ құрып, бүгінде ауыл халқымен түсіндірме жұмыстарын бастап кетті. Шардара ауданы алдымен су қоймасымен танымал. Шардараның балық өнімдері Еуропаға экспортталып жатыр. Ауданда ауыл шаруашылығы, өндірісті дамытуға күш салынуда. Әсіресе Шардара ауданы балығымен және мақтасымен танымал. Балық шаруашылығын субсидиялауға облыстық бюджеттен биылға 500 млн. теңге қарастырылып отыр. Атағы алысқа кеткен балық зауыттарының өнім өндіру көлемі жыл жылжыған сайын артып келеді. Алдағы уақытта ауданда бірнеше ірі кәсіпорын салынады. Оны жүзеге асыру үшін ірі инвесторлар тартылып жатыр. Тігін фабрикасы, мақтаны өңдеу және май шығару зауытының құрылысы және өзге де жобалар бойынша 200-ден астам жұмыс орны ашылады. Жүгеріні терең өңдейтін зауыт ашу бойынша да инвестор тартып, келісім жасалды.
Дәл қазіргі уақытта арнайы зауыт салатын жер дайындалуда. Бұл зауыт өнімінің 80 пайызы экспортқа бағытталады. Мұның барлығы да ауданды дамыту бағытында іске асырылып жатқан жұмыстар. Былтыр Түркістан облысы, Шардара ауданында құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын жаңа 10 инвестициялық жоба іске асырылып, 118 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл 3,6 млрд. теңгеге 7 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы орайда, ағын суды үнемдеуде және қысқа мерзімде алқаптарды суаруда ауданда ИДЖЖЖ-2 жобасы аясында атқарылған жұмыстар өзінің оң нәтижесін беріп жатыр. Шардара аудандағы шаруалар егістік алқаптарға көктемгі сор шаю, ылғалдандыру жұмыстарына 124,29 млн.м3 ағын су пайдаланған болса, жазғы вегетациялық суару маусымы барысында жобамен алдын ала есептеу (суару жұмыстары жалғасып жатқандықтан) есептеу нәтижесі бойынша 227,92 млн.м3 құрап, жалпы суару маусымдарынада 352,21 млн.м3 ағын су егістік алқаптарға жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Жалпы жүйелі ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде ауданда көктемгі және жазғы вегетациялық суару жұмыстары барысында шаруалар тарапынан су жетіспеушілігі мәселелері орын алған емес. Қазіргі таңда аудандағы диқандарға қажетті ағын су мөлшері толығымен жеткілікті. Бұл бағытта су ресурстарын дамыту жұмыстары да қарқында түрде жүргізілуде.