Суббота, 5 октября

Шардарада елді мекен тұрғындарын инфрақұрылыммен қамту жұмыстары көңіл қуантады

0
81

Шардара ауданында ағымдағы жылы бірқатар мәселелер шешімін табуда. Айталық, Шардара ауданы тұрғындары талап еткендей, Ұзын-ата ауылы арқылы өтетін облыстық маңызы бар тас жолының Шардара-Арыс-Темірлан бөлігіне жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Биыл бюджеттен 30 млн. теңге бөлініп, 2 шақырым жерге 49 бағана орнатылды.

Шардара қаласы Төменгі тоғай шағын ауданын табиғи газға қосу үшін құрылыс жұмыстары басталып, соңғы қажетті 673 млн. теңге толық бөлінді. Аталған нысандағы жоспарланған жұмыстар ағымдағы жылдың қараша айында аяқталатын болады. Жалпы ауданда елді мекен тұрғындарын инженерлік инфрақұрылыммен қамту, жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасын табуда. Биыл 288 млн. теңгеге Қызылқұм ауылының ауыз су жүйесінің құрылысы жүзеге асырылуда. Нысан осы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі. Нәтижесінде тұрғындардың 97 пайызы таза ауыз сумен қамтылатын болады. Елді мекенінде жаңадан түскен көшелерге электр желілерін салу үшін 178 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін табиғи газға 16 мың абонент қосылып, қамту деңгейі 94 пайызды құрамақ.

Сондай-ақ, Қ.Тұрысбеков ауылдық округі бойынша республикалық бюджет есебінен «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 7 көшеге асфальт жабындысын төсеу ұсынылған болатын. Мемлекеттік сатып алу Заңы аясында қазіргі таңда Шардара ауылындағы Ә.Нұршаев, Абылайхан және Ж.Жабаев көшелеріне «Строй Монтаж» Құрылыс компаниясы» ЖШС асфальт төсеу жұмысын атқаруда. Ә. Нуршаев, Абылайхан көшелеріне толық асфальт жабындысы жабылып, жұмыстар сапалы аяқталды. Бүгінде Ж.Жабаев көшесіне асфальт жабындысын жабу жұмыстары жүргізіліп жатса, қалған Ә.Молдагулова, Сыпатаев,Б.Қаныбеков, Тәуелсіздік көшелеріне Мемлекеттік сатып алу Заңы қорытындысы негізінде қыркүйек айының ортасына дейін толықтай асфальт төселіп, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Тарқатып айтсақ, ауылдық округ бойынша елдімекендерді қоса алғанда 36,17 шақырым жол болса, оның осы уақытқа дейін 5,51 шқ.-на асфальт төселген. 2023 жылы Шардара ауылындағы осы 7 көше, 6,47 шқ. жолға «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы бойынша асфальт жабындысы төселеді. 2024 жылға «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 15 көше, 17,4 шқ-ға асфальт жабындысы жабылады деп жоспарлануда.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елдімекеннің 465-і, яғни 56 пайызы табиғи газбен қамтылған. Ал, биыл 516 елді мекенді (62%) табиғи газға қосу жоспарланған. Сонымен қатар, алдағы 3 жылда қосымша 247 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге (86,8%) жеткізілмек. Облысты алдағы уақытта газбен жабдықтау саласында жалпы құны 19,1 млрд. теңгені құрайтын 56 жоба әзірленген.

Сондай-ақ, өңірдегі 831 елді мекеннің 719-ы, яғни 86,5%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыс көлемінде 101 елдімекен ауызсуды бұлақ көздерінен, 11 елді мекен ашық су көздерінен пайдалануда. Қазіргі таңда жеке тұлғалар үшін ауыз судың орташа тариф құны – 64,97 теңге, бюджеттік мекемелер үшін – 125,3 теңге, өнеркәсіп және коммерциялық ұйымдар үшін – 129,5 теңге. Биыл 831 елді мекеннің 736-сын немесе 88,6%-ын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Айта кетейік, өңірімізде елді мекендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізіле бастады. Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтуде. Сала мамандары соның нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленетінін айтады. Анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жауапты адамдарға жүктеледі.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы Түркістан облысында 743,6 шақырым жол мен көшеге, сондай-ақ, 6 көпірге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оған бюджеттен 28,4 млрд. теңге бөлініп отыр.

Тарқата айтқанда, биыл облыстық маңызы бар 424,6 шақырым жол мен 2 көпір, аудандық маңызы бар 94,4 шақырым жол мен 3 көпір, сондай-ақ, елді мекендердегі 220 көше мен 1 көпір жөндеуден өтеді.

Жалпы, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы – 17 487,8 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар 723,1 шақырым жолдың 94,8%-ы, жергілікті маңызы бар 5 755,1 шақырым жолдың 89%-ы, елді мекендердегі 11 009,6 шақырым жолдың 62%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Leave a reply