ТҮРКІСТАН: ЕЛГЕ ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ДӘРІГЕРЛЕР — 2
Бір қызығы, тың тақырып пен бейтаныс ілімді меңгеруге деген құлшыныс кейіпкерімізді тағы бір қырынан таныта түседі. Жас маманның алғырлығын, ілім мен білімге деген құштарлығын айқын аңғарған білікті кадрлар тарихи қала Түркістанға ауадай қажет гематолог мамандығын меңгеру үшін Алматыға аттандырады. Осылайша қызу істің бел ортасында жүрген қабілетті жас Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтынан бір-ақ шығады. Қарап отырсақ, күллі медицина саласының тармағы көп, бағыты шаш-етектен. Оның бірін білу өзгесінен тәжірибеге ие болуға жеткіліксіз. Үздіксіз ізденіс қажет. Үнемі оқу керек. Осыны ескеріп, елге қажет мамандықты игеруге кіріскен кейіпкеріміз тапқырлығының, ізденімпаздығының арқасында гематолог мамандығын аз ғана уақыттың ішінде меңгеріп шығады. Артынша Түркістан қаласындағы қалалық емханаға келіп, жұмысын жалғастырады. Бүгінде Ақбота Бекжігітқызы – қасиетті де кие қонған Түркістан қаласындағы жалғыз гематолог дәрігер. Өз мамандығы турасында кейіпкеріміз «Біздің Түркістан қаласында гематолог маман мүлдем жоқ. Бір ғана маман. Негізі, гематолог-дәрігер, гематология маманы Қазақстан бойынша өте аз. Үлкен қалаларда санаулы ғана гематологтар бар. Біздің қаламызда бір ғана гематолог бар. Гематология мамандығы қан ауруын емдейтін дәрігерлерін дайындайды. Қан ауруларының түрлері өте көп. Оларды бір-бірінен ажыратып үйрену, оларға ем тағайындау үлкен білімді қажет етеді. Өте күрделі, қиын мамандық деп айтсақ та болады. Осы жұмысқа орналасқалы ұжымдағы әріптестердің, тәжірибелі дәрігерлердің көмегі көп тиді. Олардан алғашқы жұмысқа орналасқан кезде кеңес сұрап, өз практикамда, күнделікті іс-тәжірибемде қолдандым. Сонымен қатар басшылықтың да көмегі өте зор. Мені қосымша оқуларға жібереді. Әлі де жіберіп жатыр. Шымкент, Алматы қалаларындағы көптеген конференцияларға қатысып жүрмін. Өз саламды жетік меңгеру үшін білімімді жетілдіру курстары үлкен көмек беріп жатыр. Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Тасырбаев Райымбек Берікұлына көп рахмет. Тәжірибе алмасуға, көптеген оқуларға жіберіп тұрады» дейді ол. Иә, жас маманнан білікті кадрға дейінгі жолдың машақаты мол. Әйтсе де басшылық қолдау білдіріп, сенім артса, жауапкершілік арқалаған әрбір жанның істің үдесінен шығуы анық. Демек кейіпкеріміздің де қалыптасуы мен тәжірибесінің толыға түсуіне, күллі күнгейдегі білікті жалғыз кадр атануына емхана басшылығы да қолдау көрсетіп отыр. Ал тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру халық денсаулығын сақтауда аса маңызға ие екені айтпаса да белгілі деген ойдамыз. Жоғарыда кейіпкеріміз сөз еткен Райымбек Берікұлы турасында ұжымдастары арасында тараған жылы лебіз, ақжарма алғыстар көп. Демек білікті басшы болуға, ұжымды ұйыстыруға, дәрігерлердің біліктілігін арттыру арқылы саланың дамуына қол жеткізуге көрегендік пен көшбасшылық қажет. Біз сөз еткеніміздей, білікті кадрлардың шоғырын қалыптастыру үшін барын салып жатқан мекеменің бас дәрігеріне қанша алғыс айтсақ та аз сыңайлы. Өйткені қабілетті жастың талабын шыңдап, талантын таныту екінің бірінің қолынан келмесі айқын.
Кез келген мекеменің қызметі жемісті, ісі келісті болуы үшін ұжым ұйысып, ортақ мақсат жолында жұмыла жұмыс істеуі шарт. Бұл тұрғыдан келгенде күнгейдегі іргелі мекемелердің бірі саналатын қалалық емхананың жолы болған. Өйткені мұндағы әрбір дәрігер өз саласына аса құрметпен қарайды. Содан да болса керек, таңның атысы, кештің батысы тынымсыз еңбектеніп, әрбір науқастың көңілін табуға тырысады. Жүйкені жүндей түтетін сәттерде салмақтылықпен пациенттерді өз сөзіне тоқтата біледі. Алдыңғы буын тәжірибесімен бөліссе, кейінгі жастар ізетін аямайды. Міне, осындай ұжымның берекелі тірлігін, мерекелі күнін көрген өскелең ұрпақ Гиппократ антына адал дәрігер болуды армандайды. Сол бала қиялдың, асқақ арманның жетегінде кейіпкеріміздің де ақ халатты саналы ғұмырына серік еткені айқын. Ақботаның сөзінше, бұл мамандықты меңгергендердің саны елімізде аз болғандықтан, өзге қаладағы әріптестермен үнемі байланыста отырады. Әсіресе, Шымкент қаласындағы ақ халаттылармен жиі байланысқа шығып, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, кеңестерін алып, керегіне жаратады. Кейіпкеріміздің сөзінше, қан аурулары турасында көпшілік жете біле бермейді. Сондықтан кейіпкеріміз аз-кем кеңестерімен бөлісуді жөн санады. «Гематолог ретіндегі халыққа кеңесім — гематология ауруларының ішінде халықта ең жиі кездесетіні анемия, яғни қанның аздығы. Оның алдын алу бала кезден бастап иммунитетті дұрыс қалыптастыру, дұрыс тамақтанып үйрену, құнарлы тамақтану. Салауатты өмір салтын ұстану. Зиянды әдеттерден аулақ болу. Өз-өзіне диагноз қойып, өз бетінше емделмеу. Дер кезінде маманның кеңесіне жүгіну. Дәрігерлік ұсыныс-кеңестерді орындау. Нұсқаулықпен берілген дәрілерді уақытылы ішу. Осының барлығы науқастың дұрыс жазылуына көп септігін тигізеді» дейді ол.












