Ғылым мен еңбектің ақ жолында

0
40

Қазақстанның дамуы мен өркендеуі – адал еңбекке, ғылым мен білімге адал қызмет етуге байланысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Адал азамат» тұжырымдамасында: «Әрбір қазақстандық өзінің еңбегімен елдің өркендеуіне үлес қосуы тиіс. Ең бастысы – адалдық пен кәсібилік», – деп атап көрсеткен еді. Осындай елге адал қызмет етіп келе жатқан тұлғалардың бірі – белгілі ғалым әрі кәсіпкер Бейсембаев Бақытжан Тлеумбетұлы

1950 жылы 1 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген ол жасынан ғылымға қызығып, табандылық танытты. 1972 жылы Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтын тәмамдап, еңбек жолын азаматтық авиация саласында инженер болып бастады. Алғашқы күннен-ақ ол жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз маман ретінде ерекшеленді.

1974 жылдан бастап фосфор өндірісімен тығыз байланысты ғылыми ортаға қадам басты. Қазақ ғылыми-зерттеу институтында инженер, кіші және аға ғылыми қызметкер, кейін сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ізденімпаз еңбегінің нәтижесінде 1983 жылы өндірістен қол үзбей кандидаттық диссертациясын қорғап, ғылымдағы алғашқы биігін бағындырды.

Оның табандылығы мұнымен тоқтаған жоқ. 1992 жылы докторантураны тәмамдап, докторлық диссертациясы негізінде «Химпром» кәсіпорнында пентоксид фосфорының реактивтік және аса таза түрлерін өндіретін үш бірдей өндіріс іске қосылды. Бұл – Қазақстан ғылымы мен өндірісін тоғыстырған үлкен жетістік еді.

1990 жылы ол өзінің бастамасымен Шымкент қаласынан «Рауан» ғылыми-өндірістік орталығын құрды. Сол уақыттан бері орталықты басқарып, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізіп келеді. Бұл орталық тек қана елімізде емес, шетелдік ғылыми ортада да беделге ие болды.

Бақытжан Тлеумбетұлы – ғылымға адалдығы мен еңбектегі табандылығының арқасында 50-ден астам ғылыми еңбек, 16 өнертабысқа патент, 9 өнеркәсіптік үлгіге патент, 17 тауарлық белгіге тіркеу куәлігін иеленді. Оның еңбектері еліміздің инновациялық дамуына елеулі үлес қосып отыр.

«Адал азамат» тұжырымдамасы дәл осындай тұлғалардың өмірлік жолынан көрініс табады. Ғалымның ең басты қасиеті – өз кәсібіне адалдығы, ғылыми жаңалықты ел игілігіне айналдыруға деген ұмтылысы. Ол тек ғылымды дамытып қана қоймай, жас буынға үлгі болып, табандылықтың, еңбекқорлықтың мәнін көрсетіп келеді.

Ел болашағы үшін қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Бейсембаев Бақытжан Тлеумбетұлының ғылымдағы жолы мен адалдығы әрбір жасқа өнеге болары сөзсіз. Оның өмірі – адал еңбектің, табандылықтың және елге қызмет етудің айқын көрінісі.

Leave a reply