Воскресенье, 22 ноября

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: КИБЕРҚАУІПСІЗДІКТІ КҮШЕЙТУ – ЦИФРЛЫҚ ДАМУДЫҢ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТЫ

0
3

Цифрлық технологиялардың кеңінен қолданылуы мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және қаржы салаларындағы қызметтердің қолжетімділігін арттырды. Алайда цифрлық мүмкіндіктер көбейген сайын ақпараттық жүйелерді қорғау, азаматтардың дербес деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері де өзекті бола түсті. Сондықтан елдің киберқауіпсіздігін күшейту – цифрлық трансформацияның ғана емес, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының да маңызды шарты.

Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану міндеттерін айқындады. Бұл бағытта Түркістан облысында цифрлық инфрақұрылымды кеңейту, электрондық мемлекеттік қызметтерді дамыту және тұрғындардың киберсауаттылығын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Өйткені цифрлық ортаға көшкен әрбір қызметтің сенімділігі ақпараттық қауіпсіздік деңгейіне тікелей байланысты.

Өңірде интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстары күшейтілген. Түркістан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында өңірде интернет-алаяқтық бойынша 843 дерек тіркеліп, тұрғындарға келтірілген материалдық шығын 1 млрд 665 млн теңгеден асқан. Бұл көрсеткіш азаматтардың жеке және қаржылық деректерін қорғау, күмәнді операцияларды анықтау және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру қажеттігін көрсетеді.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру шараларын тұрақты өткізіп келеді. 2026 жылдың басынан бері облыс аумағында 38 229 тұрғын үй араланып, азаматтарға интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілдері мен одан қорғану жолдары түсіндірілген. Кездесулер барысында жалған банк қызметкерлері, фишингтік сілтемелер, әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар және күмәнді қаржылық ұсыныстар туралы ақпарат берілуде. Тұрғындарға банк картасының деректерін, құпиясөздер мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеу ескертіледі.

Киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға жастар да тартылған. Осы бағытта Түркістан облысы Полиция департаменті мен жастар ұйымдары арасында интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Кездесуге 30-дан астам Жастар ресурстық орталығының басшылары, жастар ұйымдарының жетекшілері мен еріктілер қатысты. Ынтымақтастық аясында халық көп шоғырланатын орындарда түсіндіру акцияларын өткізу, әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдар тарату және профилактикалық жұмыстарды бірлесіп ұйымдастыру көзделген.

Сонымен қатар киберқауіпсіздік мәселесі түрлі сала мамандарының қатысуымен қарастырылуда. Мәселен, облыс медицина қызметкерлері арасында интернет-алаяқтық туралы ақпараттану деңгейін анықтауға арналған онлайн сауалнама жүргізілді. Ал кәсіпкерлерге арналған кездесулерде жалған инвестициялық жобалар, фишингтік хабарламалар және мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық схемалары талқылануда. Бұл шаралар қаржылық операциялар кезінде сақтық танытуға және ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтауына бағытталған.

Киберқауіпсіздіктің маңызы өңірдің экономикалық белсенділігі артқан сайын күшейе түседі. Түркістан облысында шағын және орта бизнес субъектілері электрондық төлемдерді, мобильді банкингті, онлайн сауданы және цифрлық сервистерді кеңінен пайдалануда. Мұндай қызметтердің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуі кәсіпкерлердің қаржылық операцияларына, тұтынушылардың сеніміне және қызмет көрсету сапасына әсер етеді. Сондықтан ақпараттық жүйелерді қорғау, деректердің сақталуын қамтамасыз ету және кибертәуекелдерді уақытылы анықтау кәсіпкерлік ортаның тұрақтылығы үшін де маңызды.

Ауылдық аумақтарды цифрлық инфрақұрылыммен қамту да осы міндеттермен сабақтас. «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру» жобасы аясында Түркістан облысындағы 212 ауылға жоғары жылдамдықты интернет жеткізу көзделген. Жоба шамамен 387 мың тұрғынды қамтиды. Интернеттің қолжетімді болуы ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді қашықтан алуға, білім беру платформаларын пайдалануға және кәсіпкерлік қызметті онлайн жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге жаңа цифрлық инфрақұрылыммен қатар дербес деректерді қорғау және қауіпсіз интернет пайдалану мәдениетін қалыптастыру қажеттілігі артады.

Киберқауіпсіздік – тек полиция немесе IT мамандарының міндеті емес. Бұл мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, кәсіпорындардың және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Құрылғыларды уақтылы жаңарту, күрделі құпиясөздерді пайдалану, екі факторлы сәйкестендіруді қосу, белгісіз сілтемелерге өтпеу және жеке мәліметтерді қорғау – киберқауіптердің алдын алудың қарапайым әрі тиімді жолдары. Жалпы, Түркістан облысында киберқауіпсіздікті нығайту жұмыстары цифрлық инфрақұрылымды дамыту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру шараларымен қатар жүргізілуде. Ақпараттық жүйелердің қорғалуы, қаржылық операциялардың қауіпсіздігі және интернеттегі алаяқтықтың алдын алу өңір тұрғындарының цифрлық қызметтерге деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Ал сенімді цифрлық орта – мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға, кәсіпкерліктің дамуына және халықтың өмір сүру мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз болатын маңызды фактор.

 

Leave a reply