МАҚТААРАЛДА ӨНДІРІЛГЕН ҚАУЫН-ҚАРБЫЗДЫҢ 80%-Ы ЭКСПОРТТАЛҒАН

0
121

Қазіргі таңда Мақтаарал ауданында қауын-қарбыз бизнесінің қайнап тұрған кезі. Аудан шаруалары өз өнімдерін еліміздің ішкі нарығымен қатар, экспортқа шығаруда, деп хабарлайды. Күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартып жатыр.

Күні кеше аудан әкімі Бақыт Асанов бақшаны ауданда ең көп егетін А.Қалыбеков ауылдық округінде болып, диқандардың жағдайымен және қауын-қарбыз экспортының жұмыс барысымен танысты.

Биыл диқандарымыз 14607 гектар жерге бақша дақылын еккен. Оның ішінде 3332 гектар жерге пленкалы қауын, 362 гектар жерге пленкалы қарбыз, 10643 гектар жерге ашық қауын және 270 гектар жерге ашық қарбыз егілген. Қазіргі таңда бақшадан жалпы көлемі 200 мың тоннаға жуық қауын-қарбыз өнімі өндіріліп, оның 80%-ы шет мемлекеттерге экспортталды. «Жиенбет», «Валеть» сияқты сорттарының дәмі тіл үйіреді және тасымалдауға төзімді. Яғни, ұзақ жолға бейімделген. Көлемі де ыңғайлы, бір қорапқа 6-7 қауын сыяды. Дәмі тіл үйіретін жаңа сорттардың арқасында соңғы жылдары мақтааралдық диқандар үлкен табыс тауып, күллі Ресей мен Еуропаның нарығын жаулап алды.

Сондай-ақ, бәсекелестік ортада жерлестеріміз Өзбекстан мен Түркіменстан елдеріне де дес бермей келеді. Қазіргі таңда Мақтаарал ауданының кіреберісіндегі логистикалық орталық жүк көліктеріне лық толған. Еуропадан және басқа да елдерден келген кәсіпкерлер үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, қонақ үй, кафе, автотұрақ, бассейн кешені, қосалқы бөлшек дүкені және көкөніс сақтау қоймасынің қызметтері қарастырылған.

Leave a reply