Четверг, 19 сентября

САРЫАҒАШТАҒЫ ТАЗАЛЫҚ ШАРАЛАРЫНА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 20 МЫҢ АДАМ АТСАЛЫСҚАН

0
71

Бүгін Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тазалық жұмыстары өз жалғасын тапты. Осы ретте аудандағы Құркелес ауылдық округіне қарасты Алғабас елді мекенінде сенбілік өтті. Атқарылған жұмыстар барысында елді мекеннің орталық және ішкі көшелерінің бойына тасталған күл-қоқыстарды жинау, арық-атыздарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1,8 тонна қоқыс пен тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Жалпы тазалық жұмыстарына 60-қа жуық адам атсалысып, екі арнайы техника жұмылдырылды.

Айта кетсек, ауданда жыл басынан бүгінгі күнге дейін 75 сенбілік өткен. Сенбіліктер барысында 500 көше, 161 шақырым аяқ жол, 200 шақырым арық-атыздар, 103 шақырым ирригация жүйелері тазаланған. Сонымен қатар, 37 аялдама, 34 саябақ пен скверлер, 47 спорт алаңшасы әктеліп, сырланған. Тазалық шараларына жалпы саны 20 000 адам қатысып, 343 техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 676 тонна қоқыс арнайы орындарға тасымалданды.

Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Экологиялық науқанға 17 облыс пен 3 қаланың тұрғындары жаппай қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда. Әр өңірдегі жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған акция 5 аптаға жоспарланған.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы 8 сәуір күні басталды. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми түрде мәлімдеді. 5 аптаны айырықша атауларға бөліп, қоршаған ортаға қажетті жұмыстарды нақтылап та берді. Алғашқы аптаға – «Таза өлке» деген атау берілген. Бұл апта жалпы республикалық сенбілікпен байланысты. Әр өңірдегі мекемелер, әлеуметтік нысандар мен тұрғындар өздері тұрған аумақты қоқыстан тазартты. Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар.

Leave a reply