Түркістанда 1998 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан фабрика

0
127

Сапасы жоғары, бағасы қолайлы жиһаз шығарумен айналысып жүрген «Гранд МИКС» фабрикасының іргетасы 1998 жылы қаланған. Түркістанның тумалары Сабыржан мен Камилжан Исхаковтардың іскерлігімен үй жанынан ашылған цехтің бүгінде қуаттылығы артып, үлкен кәсіпорынға айналған. Ағайынды Исхаковтар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары нарықтық экономикаға бет бұрып, алдымен жұмсақ мебельдерді үйде жасап, базарға саудалаған. Осы салада біраз тәжірибе жинақтаған олар алдымен 4 адамды, бертін келе 15 жұмысшыны жұмысқа қабылдаған. Ал, бүгінгі таңда 150-ге жуық жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдаған облыс орталығындағы ірі жиһаз кәсіпорындарының бірі болып табылады.

Алдымен заманауи мебель кәсіпорны жайлы тоқталып өтсек. «Гранд МИКС» заманауи мебель кәсіпорны бастапқыда жұмысын Бірлік ауылынан осы саланы өркендету үшін жер сатып алып, қолда бар қаражатқа қондырғылар алған. Уақыт өте «РИЦ «Максимум» қорынан алынған несие арқылы тұтынушылардың көңілінен шығатындай жиһаз жасау үшін заманауи қондырғылар орнатқан. Осылайша, жиһаз өндірісін өркендетуді дұрыс жолға қойып, жаңа технологияларды енгізу арқылы өндіріс көлемін арттырған. 20 жылдан аса осы салада тер төккен Сабыржан Исхаковты сөзге тартып, карантин кезінде қалай жұмыс атқарып отырғаны жайлы білген едік.

– Бүкіл әлем экономикасына кері әсерін тигізген індет біздің елімізді де айналып өтпей, біраз өндіріске айтарлықтай қиындық тудырып отырғаны рас. Соған қарамастан біздің өнімге сұраныс күннен күнге артып отыр. Шынын айту керек, жиһаз өнімдері күнделікті тұрмысқа қажет бұйым болғандықтан жыл бойы сұранысқа ие. Бүгінде жұмысымыз бірқалыпты, еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы дилерлеріміз арқылы жиһаздарымыз республикамыздың барлық өңіріне жеткізілуде. Тек, қатаң шектеу шаралары қолға алынған карантин кезінде-ақ, бір ай бойы демалдық. Мемлекет тарапынан жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп жатқандарына ризашылығымды білдіремін. Өндірісімізді өркендету үшін 2017 жылы Халық банкінен 200 млн. теңге көлемінде несиені 5 жылға 15,5 пайызға алып, оның 7 пайызын «Даму» қоры төлегендігін тілге тиек еткенді жөн көрдік. Мұндай қолдаулар жергілікті кәсіпкерлердің жоспарларын жүзеге асыруларына зор септігін тигізіп отырғаны жасырын емес. Бұл қаржыға 30-ға жуық станок алдық. Бүгінгі таңда индустриалды аймақтан қосымша 1 гектар жерге өндірісімізді өркендету үшін кәсіпорын салдық. Биылдан бастап тағы қосымша 1,8 гектар жерге кәсіпорынның жаңа ғимаратын салдық. Құдай бұйыртса, жұмысымыздың өрісі кеңеюде. Қазір бәсекелестік заманы, сондықтан алдағы уақытта ізденісімізді тоқтатпай, керісінше жұмысымызды ширата түсеміз.

Басты мақсатымыз – тұтынушыларды сапалы әрі арзан өніммен қамтамасыз ету. Тапсырыс берушілердің талабына сай қолжетімді бағада жиһаз жасап беруге кәсіпорынның толық мүмкіндігі бар. Құдай қаласа, жиһазымыз еліміздің, қала берді шет мемлекеттердің талабына сай деп ойлаймын. Осы қыруар шаруалардың біртіндеп орындалуына жақындарым, достарым, әріптестерім, ең бастысы әкем Мирзамарип қажы және анам Хидаят үнемі қолдау көрсетіп, ақ баталарын беріп отыратындығын мақтанышпен айтамын.

Камалжан Юлдашев, «Гранд МИКС» кәсіпорны директорының орынбасары: Жұмысшылардың әрқайсысы өз міндеттерін тиянақты әрі ойдағыдай атқаруға күш-жігерін жұмсайды. Біздің ұстанымымыз: «Санға емес, сапаға көңіл бөлу». Өйткені, тұтынушылар біздің шығарып отырған өнімімізден кемшілік тұстарын таппауы керек. Бүгінде кәсіпорында асхана жиһазы, ас үй жиһазы, жатын бөлме жиһазы, балалар шкафы, кеңсе жиһазы, сондай-ақ құрастырмалы жиһаздың 200-ден аса түрін ұсынамыз. Жұмысшыларымыз соңғы үлгідегі Қытай елiнiң «Nanxing» зауытынан шыққан жаңа технологияларда жұмыс жасайды. Қазіргі карантин кезінде біршама мәселелерге тап болдық. Атап айтсам, Қытайдан келетін шикізатты жеткізу қиындық тудырып отыр. Индустриалды аймақта жұмысын жолға қойған кәсіпорындар үшін ортақ мәселе – теміржол тұйығын іске қосу. Өйткені, біраз кәсіпорындарға шикізат теміржол арқылы жеткізілетіндігін айтып өткім келеді. Осы мәселеде жергілікті билік қолдау көрсетсе көп мәселенің түйіні шешілер еді.

Ал, енді ішкі жағдайымызға тоқталсам. Кәсіпорын жұмысшыларына қолайлы жағдай жасау үшін олардың жұмысқа барып-келуіне жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтсақ, арнайы бөлiнген автобус жұмысшыларды таңертең алып келiп, кешкiсін үйлеріне алып қайтады. Жұмысшылардың көңіл-күйін көтеру, жұмыстан бір мезгіл өздерін еркін сезіну мақсатында спорттық iс-шаралар ұйымдастырылады. Бірақ, өкінішке орай биыл әлемді жаулаған пандемияға байланысты мұндай шаралар кейінге шегеріліп отыр. Айтпақшы, кәсіпорын кәсiподақ ұйымы тарапынан жылына 20 жұмысшы «Сарыағаш» шипажайына дем алып келетіндігін, барлық шығындар кәсіпорын есебiнен жұмысшыларға тегiн қарастырылғанын айтып өткеніміз жөн.

Иә,  айтса  айтқандай,  кәсіпорын жылына  мебельдiң  15-20  түрiн  жаңадан ойлап  шығарып,  жиһаз  түрлерiн жаңартып отыру жүйесiн жолға қойған. Облыстық, республикалық көрмелерге қатысып, елiмiздегi өзге мебель шығаратын фабрикалардың жұмысымен iс-тәжiрибе алмасып отыр. Осындай ізденістердің арқасында кәсіпорын осы уақыт аралығында елімізде өткен ірі байқауларда «Ең жақсы корпус мебелі», «Ең жақсы асхана мебелі», «Халық тұтынатын ең үздік тауарлар» номинациялары бойынша үздік деп танылған. Мұндағы жұмысшылар «Гранд МИКС» кәсіпорнында жұмыс жасап жатқандарына ризашылықтарын білдіреді. Өйткені, мұнда карантинге қарамастан бұрынғыша жұмыс бірқалыпты, жұмыс тұрақты, жалақы уақытында беріледі.

Leave a reply